Өзгеріс ойдан басталады! (расында жүректі қозғайды)
Өзгеріс ойдан басталады! (расында жүректі қозғайды)

Нағыз ана
— Алло, бұл жоғалған заттар бюросы ма? – деді баланың дауысы.
— Иә, балақай. Не жоғалттың? 
— Мен анамды жоғалттым. Ол сіздерде емес пе? 
— Анаң қандай еді?
— Ол әдемі әрі мейірімді. Ол мысықтарды жақсы көреді. 
— Солай ма? Кеше ғана дәл сондай ананы тапқан едік. Мүмкін ол сенің анаң шығар. Сен қай жерден хабарласып тұрсың? 
— №3 балалар үйінен. 
— Жақсы. Анаңды саған жібереміз. Күт. 
Анасы бөлмеге кіріп келді. Әдемі әрі мейірімді. Қолына тірі мысық ұстап алыпты.
— Анашым! – балақай бар дауысымен айғайлап жіберді. Оны бас салды. Қатты құшақтағаны сонша, саусақтары қарысып қалды. – Анашым менің!!!
…Айбар өз дауысынан өзі шошып оянды. Мұндай түстерді ол күнара көретін. Жастығының астына қолын салып, әдемі қыздың суретін алды. Бұл суретті былтыр серуенде жүргенде даладан тауып алған. Енді оны ешкімге көрсетпей сақтап жүр. Осы суреттегі қыз оның анасы екеніне сенімді. Суретті үнемі жастығының астына тығып қояды. Түн қараңғысында да суретті алып, телміре ұзақ қарайтын оған. Өстіп жатып ұйықтап кетіпті… 
Таңертең балалар үйінің меңгерушісі Перизат апай бөлмелерді аралап, қайырлы таңымен әрбір баланы оятып жүрген еді. Айбардың төсегінің тұсында жатқан суретті алып мұқият қарады. Балаға қарап:
— Айбаржан, бұл суретті қайдан алдың? – деп сұрады. 
— Даладан тауып алдым.
— Бұл кім?
— Менің анам, — деп жымиды балақан, — ол өте әдемі, мейірімді, әрі мысықтарды жақсы көреді, — деп қосып қойды. 
Меңгеруші суреттегі қызды бірден таныды. Былтыр бір топ волонтерлермен бірге келіп жұмыс істеген еді. Сол кезде суретін жоғалтып қойған болды ғой. Сол кезден бастап осы бойжеткен бала асырап алайын деген тілегін білдірген еді. Бірақ қанша талпынса да рұқсат ала алмай жүрген. Жергілікті биліктің шешуінше оның бала асырап ала алмайтын үлкен кемшілігі бар екен. Ол күйеуге шықпаған. 
— Сенің анаң ба? — деп Перизат апай балаға қадала қарады, — Сенің анаң болса, бұл жайт істің мәнісін түгелімен өзгертеді. 
Кабинетіне кірді де, креслосына жайғасты. Жарты сағат өткенде есік қағылды. 
— Перизат апай, кіруге бола ма? – Суреттегі қыз есіктен басын сұғып рұқсат сұрап алды. 
— Иә, Айна, кіріңіз. 
Қыз кірді де, меңгерушінің алдына қалың папка құжаттарын қойды. 
— Мінекей, — деді ол бір түрлі қуанышпен, — Мен бәрін жинадым.
— Жақсы, Айна. Мен қосымша бірнеше сұрақ қоюым керек. Заң бойынша солай. Мойныңа қандай жүк артып жатқаныңды білесің бе? Бала деген екі сағат ойнап, ұмытып кету емес. Бала деген мәңгілікке. 
— Мен бәрін де түсінем, — деді қобалжып отырған Айна, — біреуге керек екенімді біле тұра жайбарақат өмір сүре алмаймын. 
— Жақсы, — деп келісті меңгеруші, — балаларды қашан көресің?
— Мен оларды көріп, таңдағым келмейді. Берген балаңызды ала берем, — деді Айна.
Перизат апай таңданысын жасырмады. 
— Түсінесіз бе, — сөйлеген сөздерінің соңғы буынын жұтып қойып, абдыраған Айна ойын жеткізуге тырысты, — шын ата-аналар өзіне баланы таңдамайды ғой… олар баланың алдын ала қандай болып туатынын білмейді… әдемі болып па, керісінше ме, дені сау болып па, ауру болып па… Олар оны Құдай қалай берсе, солай жақсы көреді… Менде «нағыз» ана болғым келеді. 
— Өмірімде бірінші рет көріп тұрмын мұндай бала асырап алушыны, — деп жымиды Перизат апай, — дегенмен, мен сіздің кімге ана болатыныңызды білем. Аты Айбар, жасы бесте. Туған анасы перзентханада бас тартқан. Дайын болсаңыз, ертіп келейін. 
— Дайынмын! — деді Айна нық дауыспен, — ертіп келіңіз менің баламды. 
Меңгеруші шығып кетті. Бес минуттан соң кішкентай ұл баланы жетектеп қайта кірді. 
— Айбаржан, — деп бастады Перизат апай, — танысып қой…
— Анашым! – деп айғайлады Айбар. Ол Айнаға жүгіріп келіп, мойнына асылды. Саусақтары қарысып қалғанша қатты құшақтады. – Анашым менің!
Айна оның арқасынан сипалап, ақырын ғана:
— Балапаным, балам менің, мен қасыңдамын, — дей берді. Екеуі ұзақ аймаласты. 
Сосын көзімен меңгерушіні тауып алды да: 
— Баламды қашан алып кете аламын? – деп сұрады.
— Әдетте әке-шеше мен бала бір-біріне үйреніскенше осында қала тұрады. Сосын демалыстарда алып кетіп үйретеді. Құжаттар толық түгенделген соң біротала алуға болады. 
— Мен Айбарды бірден алып кетем, — деді Айна. 
— Жақсы, — деді меңгеруші құшақтасқан екеуге мейірлене қарап, — ертең бәрібір демалыс, бірақ дүйсенбі күні құжаттарды дұрыстауға келесіздер.
Айбардың бақыттан басы айналды. Ол анасының қолынан қатты ұстап алыпты. Жіберсе адасып қалуға қорқатындай. Оларды қоршаған тәрбиеші, күтушілер баланың заттарын жинастырып жатты. Біреулері көзін беторалмалмен сүртсе, бірі жеңімен сүртіп әлек. 
— Айбаржан, сау бол! Бізге қонаққа кел, жарай ма? — деді қоштасып тұрып Перизат апай. 
— Жақсы, келем. Сау болыңыз, — деп жауап қатты Айбар.
Жұрттың барлығымен қоштасып, сыртқа шыққан соң, ол анасына өзінің көкейіндегі сұрағын қойды-ау, әйтеуір.— Анашым, ал сіз мысықты жақсы көресіз бе? 
— Өте. Үйде екі мысығым бар, — деп күлді Айна, алақанындағы кішкентай алақанды қысып тұрып. 
Айбар бақытты болып кетті. Қадамын нық басып, өз үйіне асықты. Перизат апай Айна мен Айбарға терезеден қарап тұрып, есі шыға қуанды. 
Сосын өз үстеліне отырды да қоңырау шала бастады: 
— Алло, Аспан кеңсесі ме? Өтінішті қабыл алыңыз. Клиенттің аты-жөні: Айна Сүлейменова. Сіңірген қызметі: өте жоғары, балаға бақыт сыйлады. Мұндай кездерде қажет болатынның бәрін жіберіңіздер: шексіз бақыт, мөлдір махаббат, әр ісіне сәттілік. Айтпақшы, күйеуге шықпаған, жігіттің төресіне жолықсын. Түсінем, әрине, ондайлар аз, бірақ бұл ерекше жағдай. Толастамайтын ақша желісі керек. Оған аса қажет. Бала дұрыстап тамақтануы керек. Бәрін жіберіп қойдыңыздар ма? Рахмет! 
Телефон тұтқасын қойып аулада ойнап жүрген балаларға терезеден қарады. Арқасындағы ақ қанаттарын жайып, осылай қарап тұруды ұнататын. 
Palladin
Аударған Шынар ӘБІЛДӘ

Сұлтан Жұмабекұлы Сұлтан Жұмабекұлы
9 жыл бұрын 7590
3 пікір
  • Денем дірілдеп, көзіме жас толғаны. Неткен керемет! Анау том-том етіп жазып тастаған талай кітаптан, ұзақсонар сериалдардан мына бір үзік әңгіменің тұшымдысын-ай! Мен өзі қартая бастағам-ау? /әзіл/...
    9 жыл бұрын
  • МашаАлла! Бала деген періште деп бекер айтпаған шығар,сірә?! Баланы көргенде кимнің болсада іші жылып кететіні осыдан болар. Керемет жазылыпты, ана мен баланың бір-бірін тапканы көзге қуаныш жасын алып келді. Әрбір бала ата-ана мейіріміне бөленіп өссе екен!!!
    9 жыл бұрын
    • Мынау бір жүрек тебірентер,шымырлатар әнгіме,шіркііін аналар балаларынан ,балалар аналарынан айырылмайтын уақыт келсе екен. Бәріңізге ана мейрамында ана бақытын тілеймін.Балалар уйі,қарттар үйі болмаса екен.
      9 жыл бұрын
Блог туралы
0
1613972 105 248 1928 133