Қара зере – сан түрлі дертке дауа (масло черного тмина)
Қара зере – сан түрлі дертке дауа (масло черного тмина)

Араб елдерінде «пайғамбар өсімдігі» деп аталып кеткен қара зере – ерекше емдік қасиетімен назар аудартады.    

Қара зере латын тілінде «Nigella sativa» деп аталады. Арабша – «хаббатус-сәуда», ал орысша атауы –  «черный тмин». Табиғатта 20-ға жуық түрі кездесетін бұл өсімдіктің бойы 40 см-ге дейін жетеді. Негізінен сарғалдақ тұқымдас өсімдіктер тобына жатады. Қара түсті дәндері көбіне жаздың соңына таман піседі. Оңтүстік Еуропа мен солтүстік Африкада және бірқатар Азия елдерінде өседі.  

Қандай ауруларға ем? 

Ғалым Ибн Қайым Жаузия өзінің «Пайғамбар медицинасы» атты кітабында қара зеремен 50 шақты ауруды емдеуге болатындығын көрсеткен. Кейінгі зерттеулер бойынша да оның мынандай ауруларға ем екендігі белгілі:

  • Қандағы холестеринді азайтады;
  • Ағзаны улы заттардан тазартады;
  • Иммунитет жүйесін күшейтеді;
  • Инсультқа (миға қан кету) қарсы тұрады;
  • Артрит (буын ауруы) пен бауыр ауруынан айықтырады;
  • Құрамындағы тимохинон арқылы қандағы глюкозаны азайтады;
  • Құрамындағы эфир майлар арқылы бактерияларды өлтіріп, олардың көбеюін тоқтатады;
  • Бронхит пен астмаға (тыныс жолдарының қабынуы) ем;
  • Ішектердегі қажетті бактерияларды қалпына келтіру арқылы іш-құрылыстың жүйесін реттейді;
  • Тері ауруларына пайдалы (қотыр, қышыма, бөртпе т.б.);
  • Өт пен бүйректе жиналған майда тастарды уатады;
  • Несеп жолдарын тазалайды;
  • Ішті жүргізеді;
  • Ішек құрттарын жоюға көмек береді;
  • Бала емізетін әйелдердің сүтін молайтады;
  • Сүйелді кетіреді;
  • Жөтел мен сарыауруға таптырмайтын ем;
  • Белсіздікке  ем;
  • Семіздіктен арылуға көмектеседі;
  • Тәбетті арттырады;
  • Асқазанның ойық жарасын (язва) жазады,
  • Етеккiр циклын қалпына келтіреді т.б.

  Тарихы

Қара зерені бірнеше ғасырдан бері миллиондаған әлем тұрғындары салауатты өмір салтын сақтау үшін емге қолданып келеді. Шығыс халықтары оны тамаққа дәмдеуіш ретінде де пайдаланады. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с.) ерекше мақтаған бұл өсімдіктің емдік күшін көптеген мұсылман ғалымдары, сондай-ақ Ибн Сина мен әл-Бируни (Х-ХІ) де мойындап, өз еңбектерінде атап өткен.    

Хадистерде не айтылған?

Қара зеренің емдік қасиетінің молдығын мұсылман жұртшылығы ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыздан (с.а.с.) біледі. Сол уақыттан бергі 15 ғасыр ішінде бұл шипалы өсімдік халықтық медицинада кең қолданысқа еніп кетті. Хадистердің бірінде қара зеренің бойы тұнып тұрған ем екендігі былай білдірілген:

«Қара зерені пайдаланыңдар, расында онда өлімнен басқаның бәріне шипа бар» (Бұхари, Тыбб, 7; Мүслим, Сәлам, 88).

Әнас ибн Мәліктің (р.а.) риуаятына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) науқастанған кезде қара зерені алып, оны сумен не балмен қосып ем ретінде қабылдаған.

Халид ибн Сағыд та өзі куә болған мына оқиғаны былай деп әңгімелейді:

«Бір сапарда Ғалиб ибн Әбжар сырқаттанып қалды. Мәдинаға жеткенде де кеселінен айыға қоймады. Жағдайын білуге келген Ибн Әбу Атиқ бізге: «Сендер оған мына қара зерені беріңдер. Алты не жеті түйірін алып ұнтақтап, мұрнының екі жағына кезек-кезек майға қосып тамызыңдар. Өз басым Айшадан (р.а.) Расулаллаһтың «Расында осы қара дән (қара зере) өлімнен басқа барлық дертке шипа» деген хадисін естігенмін» деді». (Бұхари риуаят еткен).

Ғылыми зерттеулер

Соңғы жарты ғасырдан бастап қара зеренің емдік қасиетіне байланысты көптеген ғылыми тәжірибелік зерттеулер жүргізілді. Нәтижесі таңғаларлық. Мұны клиникалық зерттеулер де дәлелдеп отыр.  

1960 жылы профессор Дахақна қара зеренің майымен артритті емдеуге болатындығын дәлелдеген.

1992 жылы Дакка (Бангладеш) университетінде жүргізілген зерттеуде қара зеренің бактерияға қарсы тұра алатын қасиеті анықталды.

АҚШ-тағы зерттеулерде қара зеренің улы заттарға қарсы ересен емдік күші бар екендігі дәлелденді.

zereАҚШ-та фармокологиялық фирмалар қара зеренің негізінде жаңа емдік препараттар жасайтын арнайы зертхана құрды.

Мюнхендік иммунолог доктор Питер Шлейкер (Германия) Құрама штаттардағы медициналық мекемелермен бірлесе зерттеулер жүргізіп, соның нәтижесінде қара зеренің негізінде түрлі ауруларға ем рецептерін түзіп шықты. 

1991 жылы үнді онкология институтының ғалымдары өздерінің ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін «Ethno pharmacology» атты журналда жариялады. Онда қара зеренің қатерлі ісікке қарсы да емдік қасиеті бары да жазылған.

Қара зере майы

Қара зеренің, негізінен, дәнектері мен майы емге пайдаланылады. Мәселен, қара зере майы аллергияны, қышыма мен псориазды бәсеңдетуге, демікпеге қарсы ағзаның иммунитетін арттыруға, асқорыту қиындағанда, жоғарғы қан қысымы байқалғанда емге пайдаланылады. Түрлі витаминдер, минералды тұздар, микроэлементтермен қатар, қара зере майының құрамында көмірсулар, белоктар мен майлар да бар. Өсімдік майы негізгі маймен қатар майлы қышқылдардан да түзіледі. Осы себепті аталғандардың соңғысы қанықпаған майға жатады. Зерттеуші медицина мамандарының айтуынша, қара зере майының химиялық құрамын фосфат, темір, фосфор, кальций, карбогидраттар, Е және В витаминдері, линолей қышқылы, олеин қышқылы, пальмитин қышқылы, эйкозен қышқылы, стеарин қышқылы, альфа-линолен қышқылы құрайды. Ол сондай-ақ нигелон семохиропинон немесе меланин секілді арнайы белсенді компоненттерге де ие.

Қара зере шайы

Бүгінгі күні қара зеренің дәндерінен қайнатылған арнайы шай да жасалады. Бұндай шай көбіне іш кебу, іш өту және өт шаншуы сияқты ауруларға ем. Жас босанған сүті аз әйелдерге де оның пайдасы зор.  

Қорыта келгенде, Қара зере – расында да емдік қасиеті мол шипалы өсімдік. Оның өлімнен басқаның бәріне ем екендігін бүгінгі медициналық зерттеулер бірінен соң бірі  дәлелдеуде. Ал қара зеренің осындай емдік қасиеті барын сонау VІІ ғасырда ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.а.с.) тап басып айтуы – анық мұғжиза!

1. Бұха­ри, Әбу Аб­дил­лаһ Мұ­хам­мед ибн Ис­майл. әл-Жа­миус-са­хих.
2. Мүс­лим. Әбул Ху­сәйн ибн Хаж­жаж. Са­хих.
3. Қара зере – күллі дерттің дауасы. Құрастырған: Сәбит Ибадуллаев. Алматы 2010 ж. 54 бет.
4. Шиков А.Н., Макаров В.Г., Рыженков В.Е. Растительные масла и масляные экстракты: технология, стандартизация, свойства. – М.: Издательский дом «Русский врач» – 2004. 264 бет.
5. http://www.tiensmed.ru  

                                                                                                                                                                                       Құдайберді БАҒАШАР

Сұлтан Жұмабекұлы Сұлтан Жұмабекұлы
2 жыл бұрын 2185
2 пікір
  • Дәріханадағы қара зеренің майы тым ащты сияқты. Әлде оған үйренбегендіктен па?
    2 жыл бұрын
  • Дәріханадағы қара зере майының құрамында шамалы өзгертулер бар, себебі Қазақстанда жасалған. Менің ұсынарым, сенімді Ислам дүкендерінде Мысырда жасалғанын алғаныңыз дұрыс деп ойлаймын жәнеде қосымша құрамында бал араласқаны бар онысымен тіпті жақсы. Аллаһым баршамызға шипасын берсін ! Әмин !
    2 жыл бұрын
Блог туралы
0
167222 96 245 1297 132